Президент заманауи көшпенділер сөзінің не екенін түсіндірді

Азамат Қойшығара 15 нау. 2024 16:59 3114

Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматтары тұрып жатыр. Бұл деректі Ұлттық құрылтайда Президент айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Олардың көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болуда.

"Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көшпенділер, Modern Nomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс", - деді Мемлекет басшысы.

Ол соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бастағанын алға тартты. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр.

"Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады.

Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу", - деді Президент.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар