Қазақстанда баспана қымбаттауы жалғасуда

Самал Асқар 05 ақп. 2026 15:31

Астанада екінші нарықтағы тұрғын үйдің орташа бағасы тарихи шектен асып, бір шаршы метрі 600 мың теңгеге жетті, деп хабарлайды Dala News.

Krisha.kz жүргізген мониторингке сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда Қазақстан бойынша екінші нарықтағы пәтерлер орта есеппен 2% қымбаттаған. Ең жоғары өсім Астанада тіркеліп, бір айда баға 5,2% артты. Қазіргі таңда елордада бір шаршы метрдің орташа құны 601 740 теңгені құрайды.

Баға өсімі Көкшетауда 3,2%, Қарағанды мен Өскеменде 3%, Семейде 2,8% болды. Басқа қалаларда қымбаттау 1–2,6% аралығында сақталған.

Алматы мен Ақтөбе ғана бағаның аздап төмендеуін көрсетті. Алматыда пәтер құны 0,1% арзандаса, Ақтөбеде 0,4% түскен. Соған қарамастан, Алматы әлі де елдегі ең қымбат қала болып отыр – мұнда екінші нарықтағы бір шаршы метр 804 695 теңге тұрады.

Қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанда екінші нарықтағы тұрғын үйдің орташа бағасы 419 126 теңге болды. Шымкентте бұл көрсеткіш 490 000 теңгені құраса, ең арзан қалалар қатарында Қызылорда (269 083 теңге), Тараз (321 653 теңге) және Ақтөбе (324 013 теңге) тұр.

Жылдық есепте, 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда, екінші нарықтағы пәтерлер ел бойынша 9% қымбаттаған. Ең жоғары өсім Ақтауда – 22,7%, Астанада – 16,2% және Қостанайда – 13,5% тіркелген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove