Құлыбаев Лондондағы зәулім үйлерінің бірін 35 млн фунтқа сатты

Қаракөз Амантай 10 мам. 2024 14:50 4656

Қазақстандық олигарх, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев Лондондағы зәулім үйін 34,7 миллион фунт стерлингке сатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Байлығы 5 миллиард фунт стерлингке бағаланған қазақстандық олигарх Лондондағы үйін небәрі 35 миллион фунт стерлингке North Wind Capital инвестициялық компаниясына сатты”, - деп жазады Financial Times басылымы.

Материалда үйдің бай-ауқаттылар тұратын Мейфэр ауданындағы Upper Grosvenor street 41 мекенжайында орналасқаны нақтыланған. Сатып алушы - Deutsche Bank-тің жылжымайтын мүлік саласы бойынша ерекше жағдай жөніндегі бөлімнің бұрынғы директоры Бен Уильямс негізін қалаған North Wind Capital инвестициялық компаниясы. Олар үйді қайта құруды жоспарлап отыр.

Басылымның жазуынша, Құлыбаев Аппер-Гросвенор-стрит мекенжайында бой көтерген көрші үйлерді де сатуы мүмкін. Олар Букингем сарайынан бірнеше минуттық жерде орналасқан. Олигарх бұларға жиырма жылға жуық уақыт иелік етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол сатқан үйлер негізінен бос тұрған-мыс. 

Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи құзырлы органдар Тимур Құлыбаевтың шетелдегі активтерін қайтарумен айналысып жатқанын мәлімдеген еді.

"Шынымды айтсам, активтерді қандай әдіспен қайтарып жатқанынан бейхабармын. Екіншіден, депутат ретінде президент жүргізіп отырған саясатқа зиян келтіруім мүмкін. Әңгіме ескі Қазақстан өкілдерінің жан-жағындағы адамдарға, яғни Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты болса, президент Тоқаев пен экс-президент арасында кейбір нюанстар, келісімдер болған шығар. Назарбаев мырза 2019 жылы 19 наурызда кеткен кезде сол кезде бір келісімдер болған шығар. Оның үстіне Ресейдің, Путинннің ықпалын да ескеру керек", - дейді Ермұрат Бапи Elmedia-ғаберген сұхбатында.

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловтың отставкаға кету не кетпеуі туралы ойын айтты.

"Бас прокурорды отставкаға жіберу немесе тағайындау президенттің құзырында. Тіпті парламент бас прокурорды тағайындауға араласпайды. Сондықтан ел президенті батыл әрекет етуі керек. Ең маңызды саяси шешім болуы керек. Ал Бас прокурордың жұмысына айтылар сын көп. Менде бас прокуратура тарапынан жариялауға жатпайтын істер бар деген ақпарат бар. Бірақ активтерді қайтару бойынша комитет бас прокурорға бағынатындықтан қоғам тарапынан сын бас прокурорға айтылады. Депутаттар активтерді қайтару туралы заңның басы-қасында жүргендіктен, ол заңның орындалуын да қадағалау керекпіз. Тіпті бас прокуратурадан есеп сұрауымыз керек. Бірақ артық ақпарат жоқ, бәрі жасырын істеліп жатыр. Активтерді қайтаруға кім өз еркімен келісті? Қанша актив қайтарылды? Мұның бәрі халықтан жасырын ұсталып отыр", - дейді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар