Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларының тағайындалу мерзімі туралы пікір білдірді

Көркем Алдабергенова 06 февр. 2026 15:30

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларының тағайындалуы мен атқару мерзімі туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, министрдің өзі директорларды екі жыл мерзімге тағайындау және оны тағы екі жылға ұзарту мүмкіндігін қарастыратын формат ұсынған.

«Достар, қазір қоғамда ең қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі — бұл мектеп директорларының тағайындалуы және атқару мерзімі туралы. Мен екі жыл және сол екі жылға плюс тағы екі жыл формат ұсынған болатынмын. Мен барлық пікірлерді оқып жатырмын», – деп жазды министр.

Жұлдыз Сүлейменова бір оқырманның пікірі ерекше ойландырғанын атап өтті. Атап айтқанда, мектеп директорларының өмір бойына тағайындалуы және талантты, басқарушылық қабілеті бар ұстаздардың директор болуына мүмкіндік беру мәселесі қозғалған.

«Бір пікір болды, яғни осындай 8000 директорлар олар өмір бойы тағайындалып жүре ме? Талантты, басқарушылық қабілеті бар мықты ұстаздардың директорлікке ұмтылуына, соған түсуге және сол жерде директор болып өзін көрсетуге мүмкіндік қандай деген бір оқырманның комментарий сұрағы мені де ойландырды», – деді ол.

Министр бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын ашық жеткізді. Оның пікірінше, мектеп директоры – тұрақты, өмір бойы атқарылатын қызмет емес, белгілі бір мерзімге берілетін басқарушылық миссия.

«Иә, менің ойымша, өте дұрыс. Мектеп директоры – ол өмір бойы атқаратын лауазым емес. Ол белгілі бір кезеңге берілген басқарушылық миссия», – деп жазды Сүлейменова.

Сондай-ақ ол әлемдік үздік тәжірибелерге тоқталып, Сингапур, Оңтүстік Корея және Финляндиядағы мектеп директорларының ротациясынан кейінгі қызмет жолын мысалға келтірді.

«Сондықтан әлемдегі ең үздік тәжірибелер – ол Сингапур, ол оңтүстік Корея, ол Финляндия мемлекеттерінде жалпы мектеп директорларының ротациясынан кейін олар қайда барады? Олар көп жағдайда ментор болады, немесе көп жағдайда әкімшілік орталықтарды басқарады және мектепті басқаруға байланысты жақсы лектор ретінде айқындалады», – деді министр.

Оқу-ағарту министрі Қазақстанда да осы тәжірибені зерттеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – басқарушылық әлеуеті бар талантты ұстаздарға мектеп басқаруына жол ашу.

«Менің ойымша, біз бұл тәжірибені де зерттеуіміз қажет деп санаймын. Не себепті? Өйткені біздің арамызда 400 мың орта білім саласындағы ең үздік ұстаздарымызды, ең талантты ұстаздарымызды, басқарушылыққа қабілеті бар ұстаздарымызды, білім жүйесін, білімнің сапасын көтеруге мықты өзіндік рухы бар, көзқарасы бар, ұстанымы бар ұстаздарды мектеп басқаруға жол ашуына жағдай жасауымыз қажет деп санаймын», – деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove