Қасым-Жомарт Тоқаев пәкістандық The News International газетіне эксклюзивті сұхбат беріп, Қазақстандағы Конституциялық реформа туралы ойын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
– Қазіргі кезде Қазақстанда Конституцияға енгізілетін түзетулер қызу талқыланып жатыр. Бұл өзгерістердің мәні неде?
- Ел тарихында ең елеулі саяси трансформация үдерісі жүріп жатыр. Бұл өзгерістер дамудың игілігін қоғамда әділ бөлуді мақсат етеді.
Мемлекеттің іргесін бекемдеу жолындағы барлық қам-қарекетіміз елімізді жаңғыртуға, шын мәнінде Әділетті Қазақстанның негізін қалауға бағытталған.
Қазақстан «суперпрезиденттік» модельден бас тартып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі тиімді жұмыс істейтін президенттік республика үлгісіне өтті. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына арқа сүйейді.
Қазір біз саяси жаңғырудың мүлдем жаңа кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформа аясындағы ең басты өзгерістердің қатарында бір палаталы парламентке (Құрылтай) өту, Халық Кеңесін құру және Вице-президент лауазымын енгізу секілді бастамалар бар. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланады. Ал ынтымақ пен бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді құндылықтар мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді.
