Қазақстан Моңғолия нарығына жол ашты

Самал Асқар 04 февр. 2026 13:42

Қазақстандық өндірушілер үшін Моңғолия нарығына шығу айтарлықтай жеңілдеді, деп хабарлайды Dala News.

Мәжіліс ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялады, бұл құжат Қазақстан үшін экспорт географиясын кеңейтуге, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге және өңірлік экономикалық ықпалды арттыруға бағытталған маңызды қадам саналады.

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау келісімнің стратегиялық сипатына тоқталды. Оның айтуынша, Моңғолия Қазақстан үшін тек көрші мемлекет емес, Азия бағытындағы сенімді экономикалық серіктес.

Келісім қазақстандық тауарларға Моңғолия нарығында кедендік жеңілдіктер береді. Енді отандық өндірушілер бидай, арпа, жүгері, ұн, макарон және кондитерлік өнімдерді баж салығынсыз экспорттай алады. Бұған дейін бұл тауарлар қосымша кедендік төлемдерге ұшырап келген.

Депутаттың сөзінше, келісім тек сауда көлемін ұлғайтып қоймай, қосылған құны жоғары өнімдерге негізделген жаңа экономикалық тізбектерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның шикізатқа тәуелділігін азайтып, өңдеуші сектордың дамуына серпін береді.

Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Жанель Кушакованың мәліметінше, құжат ЕАЭО елдері мен Моңғолия арасында 367 тауар позициясы бойынша импорттық баждарды алып тастауды көздейді. Келісім үш жылға жасалып, тараптардың келісімімен автоматты түрде тағы үш жылға ұзартылуы мүмкін.

Құжатта техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық талаптар, кедендік ынтымақтастық және ішкі нарықты қорғау тетіктері де қамтылған. Министрлік өкілдері келісімді іске асыру республикалық бюджетке қосымша салмақ салмайтынын атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім Қазақстанның Моңғолиядағы позициясын күшейтіп қана қоймай, елдің азық-түлік экспортын Азия нарықтарына жүйелі түрде шығаруға жол ашады. Алдағы кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымын 500 млн долларға дейін арттыру көзделіп отыр.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove