Мәжіліс Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Өзгерістер еңбек қауіпсіздігін күшейтуге және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заң жобасы аясында Еңбек кодексіне, Әлеуметтік кодекске және "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске бірқатар өзгеріс енгізіледі. Соның ең маңыздысы – еңбек қатынастарының белгілері бар жағдайда азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты (АҚС) қолдануға тыйым салу.
Еңбек қызметінің белгілеріне белгілі бір мамандық немесе лауазым бойынша жұмыс істеу, қызметкердің жұмысты жеке өзі орындап, ұйымның ішкі тәртібіне бағынуы, сондай-ақ еңбекақының жұмыс нәтижесі үшін емес, еңбек процесі үшін төленуі жатады. Осы талаптардың кемінде бірі анықталса, жұмыс беруші міндетті түрде еңбек шартын жасасуы тиіс. Бұл бастама әсіресе құрылыс саласында жиі кездесетін АҚС арқылы еңбек шартын алмастыру тәжірибесін тоқтатуға бағытталған.
Сонымен қатар ұжымдық шарттың мазмұны толықтырылып, бір мамандық немесе лауазым бойынша ең жоғары және ең төменгі жалақы арақатынасының шекті деңгейін белгілеу, сондай-ақ өндірістік жазатайым оқиғалар кезінде төленетін жәрдемақы мен өтемақы нормаларын енгізу көзделіп отыр. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға өндірістегі жарақаттың ауырлық дәрежесін анықтау қағидаларын бекіту құзыреті беріледі.
Бұдан бөлек, келісім комиссиясының жұмысына делдалды тарту тәртібі нақтыланып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманның ұйым басшысына тікелей бағынуы заңмен бекітіледі. Бұл жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін күшейтуді көздейді.
