Қазақстанның 15 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Қаракөз Амантай 04 февр. 2026 07:30

Қазақстанның 15 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазгидромет мәліметінше, 4 ақпанда елдің бірқатар өңірінде қар, боран, тұман, көктайғақ және қатты жел күтіледі. Кей аймақтарда қар аралас жауын болып, жол қозғалысына қиындық келтіруі мүмкін.

Абай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында қар жауып, боран соғады. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді, тұман күтіледі.

Ақтөбе облысында түнде қалың қар, күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауады. Көктайғақ пен тұман болады.

Атырау облысында қар мен жаяу бұрқасын күтіліп, жел күшейеді. Ауа температурасы төмендеп, 5 ақпанға қараған түні қатты аяз болуы мүмкін.

Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының таулы аймақтарында жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі. Жолдарда көктайғақ болады, жел күшейеді.

Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында қар, тұман, көктайғақ пен жаяу бұрқасын күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 20 м/с-қа жетеді.

Қарағанды, Павлодар, Қызылорда және Ұлытау облыстарында негізінен тұман байқалады. Кей өңірлерде жел күшейеді.

Түркістан облысында тұман түсіп, таулы асуларда желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Қазгидромет тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақ болуға шақырады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove