Астанада өзін тур ұйымдастырушы ретінде таныстырған азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Ол қажылыққа баруды жоспарлаған 17 адамды алдап, 7,4 млн теңгеден астам қаражатты иемденген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті жәбірленушілерге ұшақ билеттерін алып беру және қонақүй брондау қызметін ұсынамын деп сендірген. Алайда уәде етілген қызметтер көрсетілмеген. Зардап шеккендердің арасында әртүрлі өңірлерден келген, қарт ата-аналарын умраға жіберуді жоспарлаған отбасылар да бар.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген.
Сот шешімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Прокуратура азаматтарға қажылық қызметтерін тек лицензиясы бар туристік агенттіктер арқылы рәсімдеуді ұсынады.
