Дариға Назарбаева мен Форбсқа енген олигархтың ҰБТ-ға қандай қатысы бар?

Dalanews 25 қаң. 2024 11:32 2618

ҰБТ - оқушылар үшін жаңа өмірге қадам басар алдындағы кішкентай бір қадам. Ulysmedia.kz ҰБТ біреулер үшін қалайша жай ғана бизнеске айналғанын, мыңдаған талапкердің болашағы жеке компанияның қолына қалай өтіп кеткенін, мемлекет оған қанша ақша бөлетінін зерттеп көрген, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Былтыр қарашаның аяғында Мәжіліс депутаты Ринат Заитов вице-премьер Тамара Дүйсенованың атына жолдаған сауалында ҰБТ тақырыбын көтерді. Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу мен педагогтердің тесті U-STUDY жеке фирмасымен шарт бойынша жүргізіледі.

Заитовтың сөзінше, мұндай аутсорсинг нәтижесі өте сәтсіз болған.

"Келісім жасалған сәттен бастап ҰБТ бағасы 2 240 теңгеден 5 640 теңгеге дейін, яғни екі есеге өсті", - деді депутат.


Ринат Заитов "мемлекеттік органдар көрсете алатын қызметтерге араласуға" тыйым салуды сұрады.

Басылым мәліметінше, ҰБТ-ның "жеке компанияға" өтуінің бастауында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға тұрды деген деректер бар. Ол 2013 жылдың басында Мәжіліс депутаты болып жүрген кезінде ұлттық бірыңғай тестілеу мен емтихандар арасында таңдау құқығын заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынған.

"Түлектерге ҰБТ тапсыру немесе оқуды аяқтағаннан кейін кешенді тестілеуден өткізу туралы заңнамалық таңдау құқығын беру идеясын қарастыру қажет. Яғни ол мектепте емтихан тапсырып, сол жылы кешенді тестілеу арқылы ЖОО-ға түсе алады немесе бірден ҰБТ-ға бара алады", - деген еді ол.

2016 жылы Дариға Нұрсұлтанқызы премьер-министрдің орынбасары болған кезінде де ҰБТ тақырыбын қайта көтерлі. Тиісті министрліктің алқасында ол тестілеу сапалы білімнің жүз пайыз көрсеткіші бола алмайтынын айтты.

Дариға Назарбаеваның ұсынысы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне қаншалық әсер еткені белгісіз. Алайда 2017 жылдың наурызында БАҚ-та Ustudy тестілеу орталықтарының негізін қалаушы Жанат Рахмани туралы ақпарат тарады. Сонымен қатар, U-study компаниясы 10 миллион доллар көлемінде жеке инвестиция алғаны айтылды.

Алайда инвестордың аты аталмай қалды. Ал U-study Ұлттық тестілеу орталығымен келісімшартқа отырып, талапкерлерді, студенттер мен оқытушыларды тестілеу саласында жетекшілік ете бастады.

Ulysmedia.kz мәліметінше, компания құрылтайшысының есімі қазақстандық "Форбс" тізімінде көрсетілген, сонымен қатар, оның идеясын ұзақ жыл бойы Дариға Назарбаева көтеріп жүрген. Ол олигархтың есімі - Бахритдин Аблазимов.


Басылым Ұлттық тестілеу орталығынан ҰБТ-ға қанша қаржы бөлінгені туралы ақпарат алған:

  • 2021 жылы 307 млн 084 мың теңге;

  • 2022 жылы 199 млн 829 мың теңге;

  • 2023 жылы 51 млн 009 мыңтеңге.


Бір қызығы бұл қаражат 100 пайыз игерілген.

Сурет: liter.kz

https://dalanews.kz/del-qazir/98519-maraldydagy-altyn-dauy-zauyt-qurylys

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар