"Томирис" кітабының авторы Назарбаевтардың қоқан-лоқысына ұшырағанын жеткізді

Dalanews 25 қаң. 2024 12:21 668

2023 жылдың қыркүйегінде Томирис" кітабының авторы Ержан Орымбетов Алматы қалалық сотына шағым түсіріп, авторлық құқықты бұзғаны үшін Нұрсұлтан мен Әлия Назарбаевтардан 50 миллион теңге өндіруді талап еткен еді. Дегенмен сот шағым бергеннен кейін бір ай өткен соң сот қылмыстық істі қозғаудан бас тартқан, деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz порталына сілтеп.


Жазушы бұл жағдайды портал тілшілеріне егжей-тегжейлі түсіндіріп берген. Ержан Орымбетов 2013 жылы "Томирис" кітабын жазып, оны фильм түсіру үшін Нұрсұлтан Назарбаев пен мәдениет және спорт министрлігіне ұсынған.


Жазушының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көмекшісі арқылы кітап үшін алғысын жеткізген. Алайда ол фильм түсіріліміне қолдау жасамаған көрінеді. 


"2017 жылы 10 қыркүйек... Аяқ-астынан Әлия Назарбаеваның "Томирис" фильмін түсіріп, продюсерлік ететіні белгілі болды. 2017 жылы 26 сәуірде президент Нұрсұлтан Назарбаев режиссер Ақан Сатаевпен кездесіп, "Томирис" фильмінің сценариі бойынша ұсынысын берді", – деді жазушы.


Ержан Орынбетов фильм оның қатысуынсыз түсірілгенін айтты. Ал фильмнің тұсаукесері болған соң, жазушы туындының плагиат екеніне көзі жеткен. Нақтырақ айтсақ, фильм сюжеті, көріністері, диалогтары келісімімсіз сөзбе-сөз кітабынан көшірілген екен. Бұдан кейін жазушы бірден фильмді түсіруші мен тапсырыс берушіге авторлық құқығы бұзылғаны туралы хат жазады. Мәдениет және спорт министрлігі мен "Қазақфильм" АҚ-ның бірлескен жауабында кітап пен фильмдегі сәйкес келетін тұстар аз және кездейсоқ екені айтқан.


"Мәселен, менің кітабымдағы ерекше сөз тіркесі "Хватит слов!” фильмде үш рет айтылған. Ал шығармамдағы Кирдің сақ тайпаларына арналған "Я сотру их с лица земли" деген жеке сөйлем фильмде екі рет қолданылған. Жұмысымнан көшірілген мұндай тіркестердің легі көп. Олардың бәрі қосымшада ұсынылған. Сонымен қатар Спаргапистің ұлы 3 жасында ат үстінде отырғаны және 4 жасында садақ тартқаны туралы кітабымнан алынған. Мұндай көріністің үшеуі фильмде көрсетілген", – деп атап өтті автор.


Жазушы "Томирис" фильмінде кітабынан 56 көрініс пен сюжет көшірілгенін тілге тиек етті. Ержан Орымбетов бірінші арызын Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотына жазған. 


"Бірақ сот өкілдері жауапкер қай қалаға тіркелсе, сол жердегі құзырлы органға шағымданыңыз деп арызымды қайтарды. Сөйтіп Астана азаматтық сотына 2023 жылдың 19 қыркүйегінде арыз бердім. Міне, 4 ай өтті. Әлі сот өкілдерінен хабар жоқ", – деді "Томирис" кітабының авторы.


Ержан Орымбетов соттан жауапкерлерден талапкердің пайдасына моральдық және материалдық залалды өндіріп алуды сұраған. Оның талап еткен сомасы – 50 миллион теңге. 


Алайда іс қозғалмай, талапкерден Назарбаевтардың тұрғылықты жері мен ЖСН (ИИН) беруін сұралған. Сөйтіп іс тоқтап тұрғандықтан, жазушы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, сот үкімді созбаққа салғанын жеткізеді. Ең қызығы, судья жазушыға арызданғаны үшін мемлекеттік баж салығын (1,5 миллион теңге) төлеуді талап еткен.  


Фильм жарыққа шыққаннан кейін жазушы бірнеше басылымға плагиат туралы мәлімет берген. Автордың сұхбаты ақпарат бетіне шыға сала, сол күні үйіне полицейлер келген.


"Тағы шу шығарсам, 5 жыл түрмеде отыратынымды түсіндім. Бірақ мен плагиат туралы жазуды және айтуды тоқтатқан жоқпын. Содан кейін қоқан-лоқы көрсету басталды”, – деді жазушы.


Айтуынша, көлігінің дөңгелектері кесілген және пошта жәшігі сынған. 


Еске сала кетейік, экс-мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова  тарихи драма кассадан небәрі 480 миллион теңге жинағанын мәлімдеді.


Коллаж: Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар