Мәскеудегі лаңкестік: Зардап шеккендер мен қаза тапқандарға байланысты жаңа дерек шықты

Қаракөз Амантай 27 нау. 2024 17:11 4415

Мәскеудегі "Крокус Сити Холлда" болған лаңкестік әрекет салдарынан зардап шеккендер саны тағы артты. Соңғы деректерге сүйенсек, 360 адамға көмек көрсетілген екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ТАСС мәліметінше, зардап шеккен 92 адам ауруханаға жатқызылып, қазіргі таңда олардың 63-і үйіне оралған. Ал 205 зардап шегушіге амбулаторлық көмек көрсетілген.

Ресейдің денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко зардап шеккендердің тағы біреуі қайтыс болып, қаза тапқандардың жалпы саны 140-қа жеткенін атап өтті.

"Өкінішке қарай, ауыр халде болған азаматтың бірі қайтыс болды. Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады", - деді Мурашко.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның құқық қорғау органдары қажет болған жағдайда Ресейге көмек көрсететінін айтқан болатын.

Еске салайық, 22 наурыз күні Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында теракт болды. Қаруланған бірнеше адам концерт залына басып кіріп, ішінде жүрген адамдарға оқ жаудыра бастаған. Сол күні ғимаратта 6200-ге жуық адам болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x