Қарағанды облысының полиция департаменті ауқымды жедел-профилактикалық іс-шараның қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Dala news.
Миграциялық қызмет өкілдері 192 жылжымайтын мүлік нысанын тексерген. Ерекше назар бір мекенжайға шамадан тыс көп адамның тіркелу деректеріне аударылды. Тексерілген нысандарда ресми түрде 4 644 Қазақстан азаматы мен 546 шетелдік тіркеуде тұрған.
Сонымен қатар 11 әлеуметтік маңызы бар нысан – жатақханалар мен медициналық орталықтар тексерілді. Нәтижесінде 37 тұрғын үйде адамдарды жаппай тіркеу фактісі анықталған.
Қарағанды облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Уәлиевтің мәліметінше, операция барысында 441 құқық бұзушылық тіркелді. 106 адам (103 ҚР азаматы және 3 шетелдік) тіркеу есебінен шығарылды. Тұрғын үй иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция заң бұзушылықтарды анықтауда цифрлық мониторингті де қолданған. Әлеуметтік желілерді бақылау кезінде жеке үй иесі жалға беру және тіркеу қызметін ұсынғаны белгілі болды. 20 ақпандағы тексеріс кезінде оның мекенжайында 21 адам тіркелгені анықталған. Нәтижесінде жарнама алынып тасталып, бір адам тіркеуден шығарылып, үй иесіне қатысты шара қолданылған.
Бұдан бөлек, Шет ауданында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен шетелдік азамат анықталды.
Полиция өкілдері тіркеу талаптарын сақтау қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
