Астанада медицина қызметкеріне шабуыл жасаған ер адам сотталды

Самал Асқар 22 сәу. 2026 14:49

Астанада медицина қызметкеріне күш қолданған ер адамға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Dala News.

Қаланың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының мәліметінше, айыпталушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сотта анықталғандай, оқиға 2026 жылғы 13 наурызда болған. Айыпталушы мас күйінде сауда үйінің автотұрағында медициналық көмектің көрсетілуіне наразылық білдіріп, фельдшерге күш қолданған.

Оның әрекеті салдарынан медицина қызметкеріне дене жарақаты келтірілмегенімен, физикалық ауырсыну болған және медициналық қызметтің қауіпсіздігіне нұқсан келген.

Сот барысында прокурор айыпталушыға 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Айыпталушы кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмауды өтінген, ал жәбірленуші қатаң жаза тағайындауды талап еткен.

Сот айыпталушының бұрын сотталмағанын ескерген. Алайда оның қоғамдық орында ішімдік ішкені және тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болған.

Жеңілдететін мән-жай ретінде оның өкініші, ал ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың мас күйінде жасалғаны танылды.

Іс жедел тәртіпте қаралғандықтан, жаза ең жоғарғы мерзімнің жартысынан аспаған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove