Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық азаматты елге экстрадициялау мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бакаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс дәлізінде журналистер шетелде сотталған азаматты экстрадициялау мүмкіндігі туралы сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, бұл - Дубай қаласының бірінші сатыдағы сотының шешімі, қазір апелляциялық шағым берілген.
Оның сөзінше, алдымен сот процесі толық аяқталуы керек, содан кейін ғана нақты шешім қабылданады.
Сондай-ақ, бұл мәселе Біріккен Араб Әмірліктерінің заңнамасына сәйкес қаралатыны айтылды. Қазір істі адвокаттар мен Қазақстанның Бас консулдығы бақылауда ұстап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Дубайда 22 жастағы қазақстандық өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын жаздық.
