Неге «Қазақтелекомның» интернетінен бас тартқаны үшін ақша талап етіледі?

Көркем Алдабергенова 22 сәу. 2026 13:38

Кейбір қазақстандықтар үшін интернеттен бас тарту күтпеген шығынға айналып жатыр. Тұрғындар ондаған мың теңге көлемінде қосымша төлем сұралатынын және қызметті өшіру процесі созылып кететінін айтып шағымданып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Finratings басылымына сілтеме жасап.

Желіде тараған пікірлерге қарағанда, жағдай көбіне ұқсас сценариймен өрбиді. Пайдаланушыларды интернет сапасы қанағаттандырмай, келісімді бұзғысы келеді. Алайда қарапайым рәсімнің орнына түрлі кедергілерге тап болады.

Әлеуметтік желілерде келісімді тоқтату кезінде 20 мыңнан 40 мың теңгеге дейін төлем талап етілетіні жиі жазылып жүр. Бұл көпшілік үшін күтпеген жағдай болған.

Бір қолданушы: «Интернетті өшіргім келді, шамамен 30 мың теңге төлеу керек деді», – деп жазған.

Кейбір тұрғындардың сөзінше, мәселе мұнымен шектелмейді. Операторға хабарласу қиын, өтініштер ұзақ қаралады, ал ажырату мерзімі созылып кетеді. Бірі кеңсеге бірнеше рет барса, енді бірі мессенджер арқылы хат жазып, жауап күтуге мәжбүр болған.

Күрделі жағдайлар да кездеседі.

Бір қазақстандық әйелдің айтуынша, кеңседе келісімшарт бөтен адамның атына рәсімделгені айтылған. Ал онлайн жүйеде басқа есім көрсетілген. Осы аралықта мәселе шешілмей жүргенде өсімпұл жиналып, интернет төлем өтелгенше ажыратылмаған.

Басқа қолданушылар да ұқсас жағдайларды бөліскен. Олардың сөзінше, құрылғыны тапсырғаннан немесе өтініш бергеннен кейін біраз уақыттан соң қайтадан қарыз шығып, еске салатын қоңыраулар жалғасқан.

Сонымен бірге кей клиенттер керісінше пікір білдіреді. Олардың айтуынша, интернетті өшіру еш қиындықсыз өтеді – қоңырау шалу немесе онлайн өтініш беру жеткілікті, кейде тек модемді қайтару қажет.

Неліктен қосымша төлем шығады?

«Қазақтелекомда» мұның себебі көбіне мерзімді келісімшарттармен байланысты екенін түсіндіреді.

Компания мәліметінше, егер интернет төмендетілген бағамен қосылып, қызметті белгілі бір мерзім пайдалану міндеттелсе, келісімнен ерте бас тартқан жағдайда базалық тариф пен жеңілдікпен төленген бағаның айырмасы өндіріліп алынады.

Яғни бұл берілген жеңілдікті қайтару ретінде қарастырылады.

Қай кезде төлем алынбайды?

Қосымша ақы талап етілмейді, егер:

  • қызмет сапасы ресми түрде қанағаттанарлықсыз деп танылса;
  • жаңа мекенжайда техникалық қосылу мүмкіндігі болмаса;
  • келісімшарт қайта рәсімделсе немесе тариф шарттары нашарламай өзгертілсе.

Мәселенің түйіні – көпшілік қосылу кезінде келісімшарт талаптарына мән бере бермейді. Интернет тез әрі тиімді шартпен қосылады. Бірақ одан бас тарту кейде ұзаққа созылған процесс пен қосымша шығынға ұласуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove