Қазақстан бензин ең арзан елдер тізімінде тоғызыншы орынға ие болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Рейтингті Globalpetrolprices басылымы жасаған.
Зерттеу авторларының мәліметінше, Қазақстанда бензиннің бір литрінің орташа бағасы 0,509 долларды (245,5 теңге) құрайды. Ал әлем бойынша орташа баға – литріне 1,37 доллар (660,8 теңге).
Айта кетейік, жарияланымда АИ-95 маркалы бензин туралы айтылған. Алайда Қазақстандағы ірі жанармай құю бекеттерінің деректеріне сәйкес, бұл бензиннің бөлшек бағасы айтарлықтай жоғары – шамамен 315–320 теңге.
Қазақстаннан да арзан бензин мына елдерде тіркелген:
– Ливия – 0,023 доллар (11,11 теңге)
– Иран – 0,029 доллар (13,99 теңге)
– Венесуэла – 0,035 доллар (16,88 теңге)
– Ангола – 0,327 доллар (157,7 теңге)
– Кувейт – 0,342 доллар (164,96 теңге)
– Алжир – 0,356 доллар (171,71 теңге)
– Түрікменстан – 0,432 доллар (208,37 теңге)
– Мысыр – 0,459 доллар (221,39 теңге)
Ал ең қымбат бензин Данияда (1 255 теңге), Малавиде (1 378 теңге) және Гонконгте (1 913 теңге) тіркелген.
Айта кету керек, өткен жылы осы рейтингте Қазақстан жетінші орында болған. Бұл жолы елдің төмендеуіне тізімге Түрікменстан мен Анголаның қосылуы әсер еткен.
