Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кацтың мәлімдеуінше, 28 ақпанда Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) Иранға шабуыл жасаған. Министр елде төтенше жағдай жариялағанын айтты, азаматтарға бомбаға қарсы баспаналарға жақын болу және сақтық шараларын сақтау ескертілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенбіде Израильде білім беру мекемелері мен кеңселердің жұмысы тоқтатылды, жиналыстар мен қоғамдық шаралар уақытша шектелді. Әскерилер жүргізушілерге мүмкіндігінше сапардан аулақ болуға кеңес беріп отыр. ЦАХАЛ бұл дабылды тұрғындарды Ираннан келуі мүмкін ракеталық шабуылдарға дайындау мақсатында жариялаған.
Иран ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Израиль ракеталары Тегерандағы Данешгах даңғылы мен Джомхури ауданын нысанаға алған. Пастур ауданынан түтін байқалған. Әлеуметтік желілерде кемінде бес жарылыс болғанын көрсететін видеолар жарияланып жатыр.
Қазір Израиль мен Иран арасындағы жағдай шиеленісіп тұр, елде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Азаматтардан сақтықты күшейту және ресми хабарламаларды қадағалау сұралды.
