12 наурыздан бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Түзетулер жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде бақылау аясын кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл ретте жаңа шектеулер енгізілмейді. Камералар тек қолданыстағы талаптарды тіркеуді күшейтеді.
Жаңашылдыққа сәйкес, бейнебақылау жүйелері енді жүргізушінің рөлде отырып телефон қолданғанын және қауіпсіздік белдігін тақпағанын анықтай алады. Сонымен қатар жүйе мемлекеттік дерекқорлармен байланысу арқылы көлікте міндетті сақтандырудың бар-жоғын және техникалық байқаудың мерзімін де тексермек.
Бұдан бөлек, кейбір әкімшілік баптар бойынша (мәселен, жолда кептеліс тудыру немесе жарық шамдарын талапқа сай қоспау) жүйе инспектордың қатысуынсыз автоматты түрде ескерту шығаруға мүмкіндік алады.
Ал жаяу жүргіншілерге камера арқылы айыппұл салынады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ішкі істер министрлігі мұндай мәліметтердің жалған екенін ресми түрде мәлімдеді.
