Алматы облысында тауда жоғалған отбасы табылды

Көркем Алдабергенова 24 нау. 2026 17:42

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында тауда жоғалған отбасын іздеу операциясы аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі ересек адам мен екі бала Шонжы ауылына жақын демалыс аймағынан Алматыға қарай көлікпен шыққан, алайда жолда байланысқа шықпай қойған.

Түні бойы Алматы облысының құтқарушылары мен «Барыс» жасағы үйіне оралмаған отбасын іздеді. Іздеу жұмыстары күрделі жағдайда өтті: отбасы басшысының ұялы телефоны өшірулі болған, ал таулы аймақта қар қалың түскен.

Телефон биллингі арқылы бағытты анықтап, Бартоғай су қоймасы маңын тексеру барысында құтқарушылар 24 наурыз күні таңғы сағат бесте Ассы үстірті ауданынан жоғалғандарды тапты. Олардың жол талғамайтын көлігі қарға батып, қозғала алмай қалған.

Құтқарушылар ересектер мен балаларға медициналық көмек қажет емес екеніне көз жеткізгеннен кейін көлікті тазартылған жол бөлігіне дейін сүйреп шығарды.ТЖМ өкілдері таулы аймақтарға сапар жоспарлағанда ауа райы мен жол жағдайын ескеруді ескертеді. Маршруттың қауіпсіздігіне көз жеткізбей жолға шықпау қажет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove