Айтуар Қошмамбетов: жаңа Конституция – саяси жүйені қайта құрудың шынайы қадамы

Самал Асқар 04 ақп. 2026 14:04

Мәжілісте Конституциялық реформаны талқылау барысында Respublica фракциясының депутаты Айтуар Қошмамбетов жаңа Конституция жобасын елдегі саяси жүйені жаңартуға бағытталған түбегейлі шешім деп атады, деп хабарлайды Dala News.

Депутаттың айтуынша, бұл реформа биліктің ішкі түзетуі емес, қоғамның ұзақ жылдар бойы жиналған сұранысының нәтижесі. 2022 жылғы референдум бұрынғы 30 жыл бойы қалыптасқан саяси модельдің іргесін шайқап, өзгерістерге жол ашты.

Айтуар Қошмамбетов жеке меншік құқығын күшейту экономикалық ғана емес, саяси сенім мәселесі екенін атап өтті. Оның пікірінше, азамат пен бизнес үшін мемлекеттің басты міндеті – ереженің өзгермейтініне кепіл беру.

Жаңа Конституция осы тұрғыда құқықтық айқындықты күшейтіп, мемлекет пен жеке сектор арасындағы шекараны нақтылауға тиіс.

Депутат аумақтарды дамытудың арнайы құқықтық режимдерін енгізу бастамасын Қазақстанның жаһандық бәсекеге бейімделуінің бір тетігі ретінде бағалады. Астана халықаралық қаржы орталығының тәжірибесі ерекше құқықтық режимнің инвестиция тартуда тиімді екенін дәлелдеді.

Алатау сити – технология, цифрлық активтер мен инновациялық салаларға арналған ұзақмерзімді платформа. Қошмамбетовтің айтуынша, мұндай жобалар уақытша заңдармен емес, Конституциялық деңгейде қорғалуы қажет.

Айтуар Қошмамбетов халықаралық шарттардың ұлттық заңнама арқылы іске асырылуын мемлекеттің құқықтық кемелденуінің белгісі деп атады. Қазақстан халықаралық міндеттемелерден бас тартпайды, бірақ оларды жүзеге асыру тетігін өзі айқындайды. Бұл өзгеріс мемлекеттің егемендігін әлсіретпейді, керісінше жауапкершілігін күшейтеді.

Депутат дербес деректер мен жеке өмірді қорғау Конституциялық деңгейде бекітілуі тиіс екенін айтты. Киберқылмыстардан келген миллиардтаған шығын бұл мәселенің тек техникалық емес, саяси сипат алғанын көрсетеді.

Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, жаңа Конституцияның түпкі мақсаты – институттарды нығайту, сенім қалыптастыру және елдің ұзақмерзімді дамуына саяси негіз қалау. Respublica фракциясы бұл реформаны қолдау арқылы жауапты әрі заманауи мемлекет құру жолын таңдады.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove