Жұмыс берушілер үшін “мінсіз қызметкер” кім? Қаржы сарапшысы сауалнама нәтижесін жариялады

Қаракөз Амантай 18 ақп. 2026 10:04

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев жұмыс берушілердің “мінсіз қызметкер” жөніндегі пікірін жария етті. Ол Atameken Business арнасындағы “Дневной формат” бағдарламасының тікелей эфирінде кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама қорытындысын бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, сауалнама барысында кәсіпкерлерден “жақсы әрі ыңғайлы қызметкердің” портреті қандай екені сұралған. Нәтижесінде жұмыс берушілердің көзқарасы бойынша ең “қолайлы” қызметкер шамамен 35–37 жастағы, ажырасқан, екі баласы бар әйел болып шыққан.

“Өздері айтқандай, мұндай адам өте еңбекқор қызметкерлердің бірі саналады. Өйткені мұндай жағдайда адам құқық талап етіп, жұмыс берушіге шарт қоюдан гөрі, ең алдымен отбасын асырауды ойлайды. Балаларын бағу керек, жалғыз өзі күн көруі қажет болғандықтан, жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарайды”, - деді ол.

Оның айтуынша, еңбек заңнамасындағы кейбір шектеулер іс жүзінде оңай айналып өтілуі мүмкін.

“Мәселен, жұмыс беруші қызметкерден "өз еркімен жұмыстан шығу" туралы өтініш жазуды талап ететін жағдайлар кездеседі, ал мұндай әрекеттердің алдын алу қиын”, - деп қосты ол.

Сонымен қатар сарапшы бизнеске алаңдауға негіз жоқ деп есептейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселеде “қорқыныш көбіне шындықтан асыра бағаланады”.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove