Axios мәліметінше, Дональд Трамп әкімшілігі Таяу Шығыстағы әскери қатысуын күрт күшейткен. Өңірге екі әуе тасымалдаушы кеме, жүздеген жойғыш ұшақ және қару-жарақ тиелген 150-ден астам рейс жөнелтілген. Соңғы бір тәулік ішінде ғана аймаққа 50-ге жуық F-35, F-22 және F-16 әскери ұшағы жеткізілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақ үйдегі дереккөздердің айтуынша, әңгіме бір реттік соққы туралы емес, бірнеше аптаға созылуы мүмкін ауқымды әскери қақтығыс жөнінде болып отыр. Бұл операция Израильмен бірлесіп жүзеге асуы ықтимал.
Трамптың кеңесшілерінің бірі жағдайдың ушығып бара жатқанын айтып, алдағы апталарда әскери іс-қимылдардың басталу мүмкіндігін 90 пайыз деп бағалаған.
Axios дерегінше, Израиль әскери әрекеттерді алдағы бірнеше күнде бастауға дайын болуы мүмкін. Ал АҚШ тарапынан соққылар сәл кейінірек жасалуы ықтимал деген болжам бар.
