Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы Әулиеата ауданына қарасты Бектөбе тұрғын алабына барып, ауласын су басқан тұрғын үйлерді аралады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қалың қар еруінен және жауын-шашын салдарынан облыс орталығындағы бірнеше жеке тұрғын үйдің ауласын су басқан.

Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жұмыстарына 109 адам және 40-тан аса техника жұмылдырылған. Су басу қаупін азайту мақсатында құм толтырылған қаптар төселіп, шамамен 4-5 тонна инертті материал пайдаланылған.

Ұзындығы 250-300 метр қорғаныс бөгеті жасалған. Сонымен қатар, аулалар судан тазартылып, арық-дренаж жүйелері механикалық тәсілмен аршылған.

Ербол Қарашөкеев атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, Тараз қаласы әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

"Таразға екі күн бойы толассыз қар жауды. Қар қалыңдығы 63 сантиметрге дейін жетті. Ауа райы күрт жылынуына байланысты жүктеме артып отыр. Басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыс орталығындағы арық-атыздар мен каналдарды толық тексеріп, уақтылы тазарту қажет. Көктем мезгілі жақындап келеді. Сондықтан мұндай жағдай қайталануы мүмкін", – деді өңір басшысы.

