Парламент Мәжілісінде депутат Николай Арсютин волонтерлік қызметті дамыту мәселелері бойынша депутаттық сауалды жариялады. Сауал Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат өз сөзінде 2026 жылғы 30 қаңтарда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Волонтерлер форумында көтерілген бастамаларға тоқталды. Атап айтқанда, «Ауыл жастары» қозғалысының өкілдері волонтерлердің өмірін сақтандыру және олардың қызметін еңбек өтіліне есептеу мәселесін көтерген.
Н. Арсютиннің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда волонтерлік қозғалыс айтарлықтай дамыған. Егер 2020 жылы елде шамамен 50 мың волонтер болса, бүгінде олардың саны 300 мыңға жеткен. Қазіргі таңда 800-ден астам ұйым әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, республикалық және 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істейді.
Сонымен қатар депутат қолданыстағы заңнамада волонтерлік қызмет тек әлеуметтік белсенділік ретінде қарастырылатынын атап өтті. Яғни ол еңбек өтіліне енгізілмейді және толыққанды әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілмеген. Бұдан бөлек, волонтерлерді міндетті сақтандыру нормалары да қарастырылмаған.
Осыған байланысты депутат волонтерлік қызметті еңбек өтіліне есептеудің пилоттық жобасын іске қосуды ұсынды. Бұл бастама, ең алдымен, әлеуметтік волонтерлікпен тұрақты айналысатын азаматтарға – қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және өзге де осал топтарға көмектесетін адамдарға бағытталуы мүмкін.
Сондай-ақ жаңа 2030 жылға дейінгі волонтерлікті дамыту бағдарламасы аясында еріктілерге қосымша әлеуметтік қолдау шараларын, оның ішінде өмірі мен денсаулығын сақтандыру мәселесін қарастыру ұсынылды.
Депутат Үкіметтен аталған ұсыныстар бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруді сұрады.
