Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, Қазақстан аумағында еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 105 029 азаматы үшін БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары аударылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сонымен қатар БЖЗҚ ЕАЭО елдері азаматтарынан түскен зейнетақы төлемін тағайындау туралы 291 өтінішті орындаған. Оның ішінде 266 азаматқа Қазақстан заңнамасына сәйкес зейнет жасына толуына байланысты зейнетақы төлемі тағайындалған. Ал 25 мұрагерге жұмыс істеген азаматтардың қайтыс болуына байланысты төлем белгіленген.
Ресей мен Қырғызстанның зейнетақымен қамсыздандыру органдары да бұл бағытта шешім қабылдаған. Аталған елдердің аумағында еңбек шарты негізінде жұмыс істеп, сол жақтың зейнетақы жүйесіне сақтандыру жарналарын аударған 26 қазақстандыққа жасына, кәрілігіне немесе мүгедектігіне байланысты өмір бойғы зейнетақы тағайындалған. Бұдан бөлек, Қазақстанның тағы 4 азаматына екі қазақстандықтың қайтыс болуына байланысты асыраушысынан айырылу бойынша зейнетақы белгіленген.
2021 жылдан бастап ЕАЭО азаматтары одаққа мүше басқа елдерде жұмыс істесе, сол елдің азаматтарымен тең дәрежеде зейнетақы құқығын қалыптастырып, сақтап, пайдалана алады. Енді әрбір ЕАЭО елі 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін өз аумағында жинақталған еңбек өтілі үшін зейнетақыны өз заңнамасына сай төлейді.
Егер азаматтың бір мемлекеттің аумағында жинаған еңбек өтілі зейнетақы тағайындауға жеткіліксіз болса, онда ЕАЭО-ның басқа елдеріндегі еңбек өтілі де ескеріледі. Бұл ретте еңбек өтілінің уақыты бір-бірімен қабаттаспауы керек. Бірақ ЕАЭО елдерінің азаматтары жұмысқа орналасқан мемлекетте еңбек қатынасын міндетті түрде ресми рәсімдеуі тиіс.
Мысалы, Қазақстан азаматы ЕАЭО-ға мүше елдердің бірінде келісім күшіне енгеннен кейін 3-5 жыл жұмыс істеп, сол елдің зейнетақы талаптарына сай келсе, онда сол мемлекет оған өз аумағындағы еңбек өтілі үшін зейнетақы тағайындайды. Мұндай жағдайда қазақстандық азамат құжаттарын сол елдің уәкілетті органына немесе Қазақстандағы уәкілетті орган ретінде БЖЗҚ-ға өткізе алады.
