Халықтан кешірім сұраған әкім не министр жоқ – Базарбек

Самал Асқар 18 нау. 2026 15:31

Мәжіліс отырысынан кейін депутат Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметтің жағдайына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Dala News.

Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде түбегейлі өзгеріс қажет екенін атап өтті.

«Бүгінде мемлекеттік қызметтің абыройы төмендеп кеткені байқалады. Оның негізгі себептерінің бірі - жүйелік, түбегейлі мәселелердің болуы. Ең алдымен, мемлекеттік қызметкердің ойлау парадигмасын өзгерту қажет. Мемлекеттік қызметші басшыға емес, халыққа қызмет етуі тиіс. Алайда қазіргі таңда көптеген қызметкер бұл қағиданы дұрыс түсінбейді. Жас мамандар мемлекеттік қызметке келгенде, көбіне басшының тапсырмаларын орындауды басты міндет деп қабылдайды. Нәтижесінде, халыққа қызмет көрсету екінші орынға ысырылып қалады», - деп атап өтті депутат.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік қызметтің басты міндеті - халықтың мәселесін шешу.

«Шын мәнінде, мемлекеттік қызметтің негізгі мақсаты азаматтардың өтініштері мен мәселелерін шешу. Халықпен тікелей байланыс орнату, олардың сұраныстарына дер кезінде жауап беру басты міндет болуы тиіс. Бірақ тәжірибеде кейбір қызметкерлер халықпен кездесуден қашқақтайды, жауапкершілікті өзге қызметкерлерге ысыра салады. Бұл дұрыс емес. Мемлекеттік қызметкер халықтан қорықпауы керек, керісінше, халықпен тұрақты байланыста болуы тиіс. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ашық ақпарат беріп, қоғам алдында есеп бере алуы қажет», - деді Базарбек.

Сонымен қатар ол Қазақстанда шенеуніктердің жауапкершілік мәдениеті қалыптаспағанын айтты.

«Қателік болған жағдайда, оны мойындап, халықтан кешірім сұрау мәдениетін қалыптастыру маңызды. Мысалы, дамыған елдерде мемлекеттік қызметшілер қателіктері үшін қоғам алдында ашық түрде жауап береді. Сондықтан мемлекеттік қызмет жүйесінде түбегейлі өзгеріс қажет. Халық мемлекеттік қызметшілердің жұмысына баға беретін негізгі өлшемге айналуы тиіс. Басшының тапсырмаларын орындау жеткіліксіз, егер халықтың көңілі толмаса, онда мұндай жұмысты қанағаттанарлық деп бағалауға болмайды. Халықтан кешірім сұраған әкім не министр жоқ», - деп қорытындылады депутат.

Базарбек мемлекеттік қызметкердің жұмысын бағалау үшін ашық жүйе енгізу қажет екенін де атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove