Мемлекет зейнетақы төлемдерінен 20% ұстап қалатыны рас па?

Көркем Алдабергенова 30 нау. 2026 16:26

Әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерде таралып жатқан зейнетақы төлемдерінен 20% ұстап қалу енгізілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, белгісіз тұлғалар deepfake технологияларын пайдалана отырып, зейнетақы төлемдері 20%-ға қысқартылады деген жалған мәліметі бар бейнероликтер таратып жатыр.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға арттырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде жыл сайын кезең-кезеңімен ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 120%-ына дейін ұлғайтылуда.

Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге (күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін ұлғайтылып, 60 005 теңге болды.

Еңбек министрлігі тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделгенін ескертті. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove