Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Толегенова үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 30 наурыз күні сотқа куәлік беру үшін қазақстандық блогерлер Дархан Жолшыбеков және Нұрбек Нұртаза келді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сотта Дархан Жолшыбеков 2024 жылы өзі де түрлі ұтыс ойындарын өткізгенін, сондай-ақ электронды коммерция бойынша оқыту курсымен айналысқанын айтты. Оның сөзінше, бұл курстарды өзі дайындаған. Сонымен қатар ол бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын растады.
Мемлекеттік айыптаушы Жолшыбековтен айыпталушылармен ұтыс ойындарын өткізу және оның заңдық тәуекелдері туралы сөйлескен-сөйлеспегенін сұрады. Куәгер Ерболат Жанәбіловпен байланыс болғанын айтты, бірақ нақты не айтылғанын есіне түсіру қиын екенін жеткізді.
Осыған байланысты прокурор Жолшыбековтің 2025 жылдың қарашасында тергеу кезінде берген бұрынғы жауабын оқып берді. Онда блогер өзіне қатысты сот ісі басталғаннан кейін Жанәбіловпен сөйлескенін айтқан.
Оның айтуынша, Жанәбілов интернеттен оның сотқа тартылғанын көріп, қандай жаза алғанын сұраған. Жолшыбеков өз кезегінде әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, ұтыс ойындары үшін экономикалық тергеу департаментіне шақырылғанын айтқан. Сол кезеңде олар жиі сөйлескен.
Соттағы сұрақтарға жауап берген Жолшыбеков бұрынғы айтқандарын нақты есіне түсіре алмайтынын, бірақ олардан бас тартпайтынын мәлімдеді.
Ал Justking атымен танымал блогер Нұрбек Нұртаза сотта мұндай әңгімелер болмағанын айтты. Оның сөзінше, Жанәбіловтар одан ұтыс ойындарына қатысты жаза немесе заңдық салдарлар жайлы сұрамаған.
Сот барысында блогерлер арасындағы қарым-қатынас пен ықтимал келіспеушіліктер де сөз болды. Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанованың сұрақтарына жауап берген Жолшыбеков Жанәбіловтарды алты жылдан астам уақыттан бері танитынын айтты.
Ол айыпталушыларға деген жеке өкпесі жоқ екенін жеткізді. Дегенмен Ерболат Жанәбіловпен кейде келіспеушіліктер болғанын жасырмады.
«Толегеновамен ондай болған жоқ, ал Ерамен (Ерболат Жанәбілов – ред.) кейде болып тұратын. Ер адамдар арасында ондай болады», – деді ол.
Адвокат сондай-ақ 2025 жылғы 29 наурызда болған жанжал туралы да сұрады. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде жарияланған. Куәгер бұл оқиғаның болғанын растады.
