“Нәтиже жоқ”. Жамбыл облысында 600 млн теңге жұмсалған жоба халықты әбігерге салды

Қаракөз Амантай 03 сәу. 2026 17:43

Жамбыл облысы Қаратау бөктеріндегі Есейхан ауылында жүздеген тұрғын әлі күнге дейін ауыз суға зәру. Миллиондаған қаржыға салынған жоба іске аспай, ел ескі құдыққа тәуелді болып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Atameken business арнасы мәселенің мән-жайын толық тарқатты. Дереккөз мәліметінше, аталған өңірде ауылдар толықтай ауыз сумен қамтылды деген ресми мәлімдеме шындыққа жанаспайды.

"Жүзден аса түтіні, мыңға жуық тұрғыны бар ауылда тіршілік нәрі тек қағаз жүзінде ғана бар. Бірнеше жыл бұрын іске қосылған су жүйесі бүгінде толықтай істен шыққан. Соның салдарынан халық ауладағы ескі құдықтың суын пайдалануға мәжбүр", - дейді дереккөз.

600 млн теңгелік жоба нәтижесіз

Ауылға арналған су жүйесінің құрылысы 2018 жылы басталып, 2020 жылы пайдалануға берілген. Алайда көп ұзамай құбырлар жарылып, су жүйесі толыққанды жұмыс істемей қалған. Кейінгі үш жылда нысан мүлде қолданылмай тұр.

Тіршілік нәрі жиналуы тиіс резервуар қазір бос тұр. Қақпасы қирап, қабырғасы сөгіліп кеткен нысан иесіз қалғандай күй кешуде.

"Су жоқ. Бір литр емес, жарты литр су ішіп отырған жоқпыз. Ешкім келіп, жағдайымызды көріп жатқан жоқ", – дейді ауыл тұрғындары.

Жоба бастапқыдан дұрыс жоспарланбаған

Жүйенің негізгі кемшіліктерінің бірі – техникалық және геологиялық есептің әлсіздігі. Тереңдігі 80 метрге дейін түсірілген құбырлардан да су шықпаған. Ал резервуардың ауылдан алты шақырым қашықтықта орналасуы жағдайды одан әрі күрделендірген.

Тұрғындардың айтуынша, жоба әу бастан дұрыс сарапталмаған.

Соған қарамастан, ресми есептерде Жамбыл облысы 100 пайыз ауыз сумен қамтылған өңір ретінде көрсетіледі. Ауыл халқы бұл мәселені аудан әкімдігіне бірнеше рет жеткізген.

"Аудан әкімі жобаның дұрыс болмағанын мойындады. Бұрын оған ешкім мән бермеген", - дейді тұрғындар.

Жауаптылар кеткен, мәселе шешілмеген

Қазіргі таңда бұл жоба Талас аудандық әкімдігі үшін өзекті мәселеге айналған. Себебі мердігердің кепілдік мерзімі аяқталған. Ал жобаны іске асырған бұрынғы жауапты тұлғалар қызметтен кеткен.

Тексеру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Билік өкілдері мәселені шешу үшін қосымша шаралар қабылдап жатқанын айтады. Былтыр ауыл ішінде 80 метрлік жаңа ұңғыма қазылған. Мамандардың сөзінше, жер асты суының деңгейі тұрақты.

Енді 16 миллион теңгеге жаңа резервуар орнату жоспарланып отыр. Көлемі 200 текше метр болатын нысан екі насос арқылы суды жинақтап, бұрынғы құбыр жүйесіне қосылады. Жобаны мамыр айында іске қосу көзделген.

Су қоры азайған

Жауаптылардың мәліметінше, бастапқы жоба 2013 жылғы сараптамаға сүйеніп жасалған. Алайда кейін өңірдегі жер асты су қоры күрт азайған. Соңғы он жылда су деңгейі 10 метрге дейін төмендегені айтылып отыр.

Қазіргі таңда тек ауыл ішіндегі құбыр желісі ғана жарамды күйде қалған. Ал негізгі инфрақұрылым нысандарының тағдыры әлі белгісіз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove