Ұлытау мен Қазақмыс жалақы өсіміне қалай ықпал етеді

Самал Асқар 03 сәу. 2026 17:54

Қазақстанда 2025 жылдың IV тоқсанында орташа айлық номиналды жалақы 473 158 теңгені құрады, деп хабарлайды Dala News Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, медианалық жалақы 339 912 теңге болған. Бұл көрсеткіш жалақы деңгейінің орталық мәнін көрсетеді және халықтың басым бөлігінің табысына жақын.

Жылдық өсім 8,8% деңгейінде тіркелді. Яғни, орташа жалақы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан. Алайда нақты жалақы индексі 96,8% болды. Бұл инфляция әсерінен халықтың сатып алу қабілеті толық өспегенін білдіреді.

Сонымен қатар тоқсандық динамика да байқалады. 2025 жылдың III тоқсанымен салыстырғанда жалақы 10,2%-ға артқан, ал нақты жалақы индексі 107,6% болған.

Ресми дерекке сәйкес, жалақы өсімі негізінен жыл соңындағы қосымша төлемдер мен сыйақылар есебінен қалыптасқан.

Салалар бойынша ең жоғары өсім ауыл, орман және балық шаруашылығында тіркелді – 25,9%. Жылжымайтын мүлік операцияларында өсім 14,5%, көлік және қоймалау саласында 11,9% болды. Сондай-ақ ақпарат және байланыс саласында 10,7%, саудада 10,3% өсім тіркелген.

Әлеуметтік маңызы жоғары салаларда өсім төмен деңгейде қалды. Атап айтқанда, білім беру саласында жалақы 5,7%-ға, ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 5,6%-ға артқан.

Өңірлік бөліністе ең жоғары өсім Ақмола облысында тіркелді – 17,4%. Солтүстік Қазақстан облысында өсім 13,1%, Абай облысында 11,7%, Алматы қаласында 11,5%, Жетісу облысында 11,2% болған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде тіркелген – орташа деңгейден 2,1 есе жоғары. Ақпарат және байланыс саласында бұл көрсеткіш 1,9 есе, ал кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 1,5 есе жоғары.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңге болып белгіленген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove