Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев екінші атом электр станциясының (АЭС) құрылысына қатысты мәліметтерді айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, нысанды орналастыру туралы шешім қабылданып, станцияны Балқаш маңында салу жоспарланған. Сонымен қатар жобаның жұмыс атауы да анықталған.
Сәтқалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Балқаш өңірінде үш ықтимал алаң қарастырылып жатыр.
«Екінші станция бойынша шешім бар. Ол да Балқашта орналасады. Қазір үш перспективалы алаң зерттелуде. Қарау қорытындысы бойынша нақты орналасқан жерін міндетті түрде хабарлаймыз», – деді агенттік басшысы Ақорда кулуарында.
Ол сондай-ақ жобаға «Мойынқұм» АЭС деген жұмыс атауы берілгенін атап өтті. Бұл атау станцияның болжамды орналасу аймағына байланысты таңдалған.
Жоспар бойынша жаңа атом электр станциясы әрқайсысының қуаты 1200 мегаватт болатын екі энергоблоктан тұрады.
Бұдан бөлек, Сәтқалиев әлеуетті серіктестермен технология жеткізушіні таңдау бойынша келіссөздер жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, басым серіктес ретінде China National Nuclear Corporation қарастырылып отыр.
