Педагогтар жасанды интеллектіні қолдануда нені ескеруге тиіс?

Сағыныш Сардарова 10 нау. 2026 10:10

Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын мектеп тәжірибесіне енгізудің әдістемелік негіздері бекітілді. Тиісті талаптар мен шектеулер Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген құжатта нақтыланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әдістемені әзірлеудегі басты ұстаным - жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды деген қағида. Жасанды интеллект тек сабақ дайындауға, материалды бейімдеуге, талдау жасауға көмектесетін құрал ретінде қарастырылады. Оқушыны бағалау, оқу мазмұнын таңдау және соңғы шешім қабылдау құқығы толықтай мұғалімнің құзырында қалады. Білім нәтижелерін толық автоматтандыруға жол берілмейді. Сондықтан жасанды интеллект дайындаған кез келген материал мұғалімнің тексерісінен өтуге тиіс.

Құжат цифрлық қауіпсіздікке ерекше мән береді. Оның ішінде оқушылардың жеке дерегін бөгде сервистерге енгізуге болмайды, сабақта қолданылатын платформалар заңнамалық талапқа сай болуы керек. Сонымен қатар, академиялық адалдықты сақтауға ерекше мән беріледі. Оқушылар ЖИ арқылы дайындалған жұмыстарын өз еңбегі ретінде ұсына алмайды, мұғалімдер қажет болған жағдайда тапсырманы қайта бере алады.

Әдістемелік ұсынымда педагогтарға Canva, ChatGPT, Gemini Storybook, Notebook LM, Reading Coach, Google Lens және өзге де сервистерді сабақта қолданудың дайын алгоритмдері мен сценарийлері берілген. Бұл мұғалімнің әкімшілік жүктемесін азайтып, оқу материалдарын оқушының жеке ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.

Әдістемелік ұсыным Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында қолжетімді. Оны педагогтар, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, оқушылар пайдалана алады. Бұл қадам мектептердің цифрлық трансформациясын жүйелі түрде қолдауға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove