Таяу Шығыс аймағынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау аяқталды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, Қазақстанға 10 275 азамат қайтарылған.
"Қазақстан азаматтарын эвакуациялау әртүрлі бағыт арқылы, соның ішінде әуе және құрлық жолдарымен жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасының өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерлерде шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды үйлестіріп, отандастармен тұрақты байланыста болып, Қазақстан азаматтарына көмектесті. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың Отанына қауіпсіз оралуын қамтамасыз етуге көрсеткен қолдауы үшін мемлекеттік органдарға және шетелдік әріптестерге алғыс білдіреді", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Таяу Шығыстан елге қайтарылғандар саны 10 мыңға жуықтағаны хабарланды.
