Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдап, білім беру саласының даму қарқыны мен алдағы міндеттерді талқылады, деп хабарлайды Dala News.
Министрдің мәліметінше, елде білім беру мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа Конституция құндылықтарына сәйкес оқу бағдарламалары қайта қаралып, оқулықтар жаңартылып жатыр. Сонымен қатар мектептерде «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізіліп, экологиялық білім беру стандарттары әзірленген.
Бастауыш білімге ерекше назар аударылып отыр. Оқу бағдарламалары оқушылардың оқу, жазу және есептеу дағдыларын күшейтуге бағытталған.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек, 184 жаңа білім беру нысаны іске қосылып, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр.
Саланы цифрландыру да қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда мектептердің 99%-ы интернетке қосылған. «Әлеуметтік әмиян» жобасы мыңдаған мектепке енгізіліп, құжаттар толықтай цифрлық форматқа көшірілуде. Сонымен қатар жүздеген мың мұғалім жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша оқытудан өткен.
Президент өз кезегінде білім сапасын арттыру, мектептердегі орын тапшылығын азайту және жұмысшы мамандарды даярлау жүйесін дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы алдағы үш жылда «Келешек мектептері» жобасының тиімді тәжірибесін барлық білім беру ұйымдарына енгізу маңызды екенін атап өтті.
