Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмалары аясында экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия отырысын өткізіп, бірқатар жүйелі шараларды іске асыруды тапсырды, деп хабарлайды Dala News.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы ырықтандыру, бәсекелестікті дамыту және түрлі нарықтардағы кедергілерді жою бойынша тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Әсіресе денсаулық сақтау, байланыс, электр энергетикасы және табиғи монополиялар саласына ерекше назар аударылды.
Комиссия дәрі-дәрмектерді нарыққа шығару мерзімін қысқарту мәселесін талқылады. Қазіргі уақытта бұл процесс 3–5 жылға созылса, оны 100 жұмыс күніне дейін қысқарту жоспарланып отыр. Осы бағытта Денсаулық сақтау министрлігі «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша қызмет енгізуде.
Сонымен қатар цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды. Мобильді құрылғыларды верификациялау, деректерді сәйкестендіру және телекоммуникациялар нарығын жетілдіру бойынша заңнамалық өзгерістер ұсынылды.
Жиында электр энергиясын бірыңғай сатып алушының жұмысы, тарифтік саясат және теміржол инфрақұрылымындағы проблемалар да көтерілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, Қаржы министрлігіне мемлекеттік мүлік тізілімін жаңарту, Ұлттық экономика министрлігіне баға мен тарифті шектейтін нормаларды алып тастау, ал Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмек жүйесін цифрландыруды жеделдету тапсырылды.
Сондай-ақ цифрлық даму министрлігіне мобильді құрылғыларды міндетті верификациялау бойынша заңнамалық өзгерістер қабылдау жүктелді. Ал «Самұрық-Қазына» қорына сатып алу жүйесін жетілдіру тапсырылды.
