Қазақстанда үлескерлердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жосықсыз құрылыс салушылардың бірыңғай тізілімі құрылмақ. Бұл бастама Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген бұйрық жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа жүйеге сәйкес, тізілімді жергілікті атқарушы органдар электронды форматта жүргізеді. Ол үшін үлестік құрылысқа арналған бірыңғай ақпараттық жүйе қолданылады. Тізімге үлескерлердің құқықтарын бұзған немесе міндеттемелерін орындамаған құрылыс компаниялары енгізіледі.
Құжатта құрылыс салушыларды бағалаудың тәуекелге негізделген тәсілі ұсынылған. Соған сәйкес, компаниялар төрт санатқа бөлінеді: хабарламалық деңгей, тәуекелі жоғары топ, заңда көзделген негіздер бойынша анықталғандар және проблемалық нысандар. Мұндай жіктеу құрылыс саласындағы тәуекелдерді ерте анықтап, алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тізілімге енгізу және одан шығару рәсімдері, өтініштерді қарау мерзімдері мен компанияларды хабардар ету тәртібі нақты регламенттелген. Егер сот құрылыс компаниясын тізімге енгізу туралы шешімді заңсыз деп таныса, ол автоматты түрде тізілімнен шығарылады.
Бұл бастама құрылыс нарығындағы ашықтықты арттырып, үлескерлердің мүддесін қорғауға бағытталған маңызды қадам болмақ.
