TikTok-та жарияланған жазба екі көршінің сотқа дейін баруына себеп болды. Істі Жамбыл облысындағы Шу аудандық соты қарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шу қаласының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы көршісінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратқан. Сот мәліметінше, жарияланған ақпарат жалған және жәбірленушінің беделіне зиян келтіруі мүмкін болған. Іс әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жасалған жала жабу фактісі бойынша қаралған. Аталған бап бойынша жеке тұлғаға 180 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы 778 500 теңге) көлемінде айыппұл немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.
Сотта азаматша А.-ның кінәсі тараптардың түсініктемелерімен, полиция материалдарымен және сараптама қорытындысымен дәлелденген. Сараптама жарияланған мәліметтердің жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретінін көрсеткен. Сот барысында А. кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрағанын және мұндай әрекетті қайталамайтынын айтқан.
Жәбірленуші де істің мән-жайын растады, тараптардың татуласқанын мәлімдеп, істі тоқтатуды сұрады.
Сот татуласуға байланысты істі тоқтатуға болады деген қорытындыға келген. Қаулымен азаматша А. әкімшілік жауапкершіліктен босатылып, іс өндірісі қысқартылды. Қаулы заңды күшіне енді.
