Астанада қоғамда резонанс тудырған блогерлер ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот отырысында Ерболат Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегенова соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, болған жағдайдан кейін олар тиісті қорытынды шығарған. Бұл оқиға өздері үшін үлкен сабақ болғанын жеткізді.
«Біз заң бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Құрметті сот, маған және жұбайыма бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауыңызды сұраймын. Сондай-ақ сіз кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасау туралы өтініш білдіремін», – деді Эльмира Төлегенова.
Осыдан кейін сот өтінішхат бойынша шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Іс бойынша түпкілікті шешім жақын уақытта жариялануы мүмкін.
Айта кетейік, Эльмира Төлегенова денсаулығына байланысты сотқа жеке келе алмағандықтан, отырысқа онлайн форматта қатысты.
