Қашаған кен орнынан жаңа мұнай қоры табылды. Бұл туралы “АтырауГЕО-2026” геологиялық конференциясында ресми түрде белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәліметке сәйкес, North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы тұз үсті құрылымындағы “Фатима” учаскесінде жаңа мұнай қорының белгілерін анықтаған.
Мамандардың айтуынша, бұл – Қашағанның әлеуеті әлі де жоғары екенін көрсететін жақсы нышан. Егер зерттеу жұмыстары сәтті жалғасса, бұл аймақ болашақта ірі өндіріс алаңына айналуы мүмкін.
Айта кетейік, былтыр Қашаған кен орнында 18,2 млн тонна мұнай өндірілгені туралы жазған едік. Оның 3 млн тоннадан астамы ұлттық “ҚазМұнайГаз” компаниясының үлесіне тиесілі.
“Кен орнын одан әрі дамыту аясында ұзақ мерзімді толық игеру моделіне сәйкес, әзірге игерілмеген учаскелерді өндіріс айналымына енгізу жоспарланып отыр”, — деген еді дереккөз.
Еске салайық, сондай-ақ жақында Қашаған дауы бойынша сотта Қазақстан жеңіске жеткен.
Бұл туралы Сенат кулуарында Әділет вице-министрі Даниель Ваисов мәлімдеді. Оның айтуынша, экологиялық талаптарды бұзу, нақтырақ айтқанда күкірт сақтау лимиттерін асыру бойынша талап арыз сомасы 2,3 трлн теңгені құрайды.
"Қазақстан аумағында бірінші инстанция сотының шешімі шықты, яғни республиканың ұстанымы заңды деп танылды", - деді ол.
Алайда алты мердігер компания (жеті компанияның бірі – «ҚазМұнайГаздан» бөлек) 6 наурызда апелляциялық шағым түсірген. Қазіргі уақытта іс апелляцияда қаралып жатыр.
Сонымен қатар, мердігер компаниялар халықаралық деңгейде де дауды жалғастыруда. Олар Қазақстанға қарсы Франция және Нидерландпен жасалған екіжақты келісімдер аясында арбитраждық талап арыз берген.
Бұл іс АҚШ-тың Вашингтон қаласында ЭКСИД (ICSID) аясында қаралады. Қазір арбитраждық трибуналды қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр.
Вице-министрдің айтуынша, бұл бағытта Әділет, Экология және Энергетика министрліктері бірлесіп жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, арбитраж процестеріне қатысты ақпараттың көп бөлігі құпия болып қала береді.
