Күнде 2,5 айдағы ең қуатты қозғалыс тіркелді

Көркем Алдабергенова 24 сәу. 2026 12:39

Ғалымдар соңғы шамамен 2,5 ай ішінде алғаш рет Күнде ең жоғары деңгейдегі қуатты жарылыс тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы жұма күні Ресей Ғылым академиясына қарасты Ғарыштық зерттеулер институты мен Күн-жер физикасы институтының мамандары хабарлады.

Зерттеушілердің мәліметінше, Мәскеу уақытымен сағат 04:07-де Күнде X2.5 деңгейіндегі жарылыс болған. Мамандар бұл оқиғаны соңғы екі жарым айдағы ең күшті құбылыс деп бағалап отыр.

Ғалымдардың айтуынша, жарылыс ірі плазма лақтырылуымен қатар жүрген. Алайда оның Жерге айтарлықтай қауіп төндіру ықтималдығы төмен. Болжам бойынша, плазмалық бұлттың шеті ғана планетамызға жанасуы мүмкін.

Сонымен бірге зертхана өкілдері Күн белсенділігінің бәсеңдеу белгілері әзірге байқалмай отырғанын жеткізді. Осыған байланысты тәулік ішінде тағы да ірі жарылыстар болуы ықтимал.

Айта кетейік, күн жарылыстары рентген сәулесінің қарқындылығына қарай A, B, C, M және X санаттарына бөлінеді. M класы күшті жарылыстар қатарына жатады және Жерде радиобайланысқа кедергі келтіріп, геомагниттік дауыл туғызуы мүмкін. Ал X класы ең қуатты деңгей саналады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove