Еуропалық Одақ енгізген жаңа шектеулер аясында қазақстандық компания мен кәсіпкер санкциялар тізіміне енді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шектеуге Алматыда тіркелген United Trading Group компаниясы да іліккен. Кәсіпорын 2022 жылдың наурыз айында, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін көп ұзамай құрылған.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, компания штатында бір ғана қызметкер болған. Соған қарамастан, төрт жыл ішінде бюджетке 111 млн теңгеден астам салық төлеген.
Сонымен қатар жалғыз қызметкердің жалақысы ең төменгі деңгейде болғаны айтылады. Оның көлемі шамамен 85 мың теңгені құраған.
Әзірге компанияға және кәсіпкерге нақты қандай негізде санкция салынғаны жөнінде ресми түсіндірме жарияланған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Еуропалық Одақ алғаш рет Қырғызстанға Ресейге жанама қолдау көрсетті деген себеппен санкция енгізгені хабарланған еді. Енді Қырғызстанға Еуропадан бірқатар стратегиялық маңызы бар тауарларды экспорттауға толық тыйым салынады.
