Жаңа салық режимі: кәсіпкерлерге жеңілдік пен шектеу қатар келді

Самал Асқар 06 ақп. 2026 14:22

Қазақстанда жаңа Салық кодексі аясында жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі жаңартылып енгізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, бұл режим бойынша салықтық кезең жартыжылдық болып белгіленген. Арнайы салық режимін қолдану үшін табыс көлемі 600 000 АЕК-тен немесе 2 595 000 000 теңгеден аспауы тиіс. Сонымен қатар, кәсіпкерлік қызмет түрі рұқсат етілген тізімге сай болуы және салық төлеуші әлеуметтік салық пен қосылған құн салығын төлеуші болмауы қажет.

Астана қаласы үшін бұл режим бойынша салық мөлшерлемесі 3% болып белгіленген.

Сонымен бірге бірқатар шектеулер де қарастырылған. Атап айтқанда, басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25%-дан асатын ұйымдар, бірнеше заңды тұлғада бір мезгілде құрылтайшы немесе қатысушы болып табылатындар, арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғалардың құрылтайшылары, коммерциялық емес ұйымдар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың, сондай-ақ «Астана Хабтың» қатысушылары бұл режимді пайдалана алмайды.

Сондай-ақ бірлескен қызмет туралы шарттар аясында жұмыс істейтін салық төлеушілерге де аталған режимді қолдануға тыйым салынған.

Жаңа тәртіп шағын және орта бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуды көздегенімен, мемлекет бір мезгілде салықтық тәртіп пен ашықтықты күшейтуді мақсат етіп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove