Ұлынан айырылған Данияр Талипов емге жиналған ақшаны басқа науқас балаларға аударған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Данияр Талипов ұлы Альтаир Еркебұлан қайтыс болғаннан кейін жеті күн өткен соң көпшілікке үн қатып, қоғамда кең резонанс тудырған шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Альтаирдің еміне жиналған, пайдаланылмай қалған барлық қаражат отбасының шешімімен шұғыл емдеуді қажет етіп отырған өзге балаларға бағытталған. Бұл туралы Данияр Instagram парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде айтты.
Әңгіме бейжай қарамаған жандар баланың өмірі үшін күреске жинаған 96 миллион теңге туралы болып отыр. Ұлынан айырылғаннан кейін отбасы бұл қаражатты қазір де қайырымдылық көмегіне мұқтаж балалардың арасында бөліп беруді ұйғарған.
«Оның арамыздан кеткеніне жеті күн өтті. Альтаирдің еміне жиналған 96 миллион теңге қаражат қалды. Біз бұл соманы қазір көмекке мұқтаж балалардың арасында бөлуді жөн көрдік», – деді Данияр Талипов.
Оның айтуынша, ең ірі соманы Аяна Нұртаеваға аударылған.
«Аяна Нұртаеваға 45 миллион теңге жібердік. Ол қазір Ыстамбұлда ем қабылдап жатыр», – деді ол.
Тағы 25 миллион теңге Алмаз Түсіпбектің еміне бағытталған.
«Алмазға да 25 миллион теңге аудардық. Қаражаттың тағы бір бөлігі Дарья есімді балаға жіберілді – олар да қазір ем алып жатыр», – деп нақтылады Данияр.
Ол көмек алған өзге балалардың да қазіргі уақытта клиникаларда емін жалғастырып жатқанын қосты.
Бейнеүндеуінде Данияр Талипов отбасы үшін ең ауыр кезеңде қолдау білдірген барша жанға алғысын айтты.
«Достар, қолдауларыңыз үшін – қаржылай көмектеріңізге, жанашырлықтарыңызға, пікірлеріңізге – баршаңызға үлкен рақмет. Бұл біз үшін өте маңызды болды», – деді ол.
Сондай-ақ ол қиын сәтте көмек көрсеткен банкке және жекелеген адамдарға арнайы алғыс білдірді.
Ол үндеуін отбасының жанынан табылған барша адамға алғыс айтып, барлығына жақсылық тілеумен аяқтады.
