Алматыдан Маңғыстауға бағыт алған жолаушылар пойызы теміржолдағы әскерилендірілген күзет қызметінің қызметкерін қағып кетті. Ер адам оқиға орнында жан тапсырған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 2 ақпанда сағат 16:10-да болған. №77 пойыз шамамен сағатына 78 шақырым жылдамдықпен қозғалған.
Қостуин станциясы маңында Алматы – Маңғыстау бағытындағы №77 жолаушылар пойызының машинисі шұғыл тежеу қолданғанына қарамастан, адамды қағып кеткен. Оқиға өліммен аяқталған.
Қаза тапқан азамат теміржолдың әскерилендірілген күзет қызметінің қызметкері болған. Бұл ұйым Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының еншілес құрылымы саналады.
Оқиға туралы Түркістан станциясының желілік полиция бөліміне хабар берілген.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеуді арнайы комиссия жүргізуде.
