Жоғары жақ "әзірге Қайрат Қожамжаровты қатты қудаламайық" деп шешті

Көркем Алдабергенова 10 нау. 2026 13:00

DALA INSIDE инсайдерінің айтуынша, жабық кабинеттегі пікір алмасуларда елдегі конституциялық өзгерістер толық орнығып, саяси трансформация аяқталмайынша, Қайрат Қожамжаровтың жүйкесін қоздыра беру кері әсер тигізеді деген ортақ консенсус пайда болды. Оның қолында бар бірнеше компромат биыл жарық көрмегені абзал.

"Қожамжаровтың сенімді серігі Мақсат Дүйсенов Германияның арнайы қызметіне біздің билік тұлғаларына қатысты бірнеше құнды дерек беріп үлгерген. Соның арқасында саяси бостандық алды. Енді немістерде де бізге ықпал ете алатын рычагтар бар сияқты. Осындай құнды деректердің негізгі папкасы Қожамжаровтың қолында екенін біздегілердің барлығы жақсы біледі", - дейді дереккөз.

Бұған дейін "Әділетті Қазақстан" Қайрат Қожамжаровқа оның сенімді серігі, бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті елге экстрадициялап алып келу арқылы айтарлықтай қысым көрсетпек болған. Алайда, экстрадиция іске аспай қалды да, оның алдында әзірленген "А" жоспары толығымен бұзылды.

Нақты айтсақ, 2025 жылдың қыркүйегінде Мақсат Дүйсеновке Интерпол желісі арқылы халықаралық іздеу жарияланып, көп ұзамай ол Германияда ұсталды. Сол кезде Дүйсенов құқық қорғаушылар арқылы саяси баспана сұрап өтініш берген. 2026 жылдың қаңтарында Германия соты бұрынғы прокурор Мақсат Дүйсеновті бостандыққа шығарды. Сот Дүйсеновке қатысты қудалау саяси себептерге байланысты болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Қазіргі уақытта ол бостандықта жүр. Қазақстанның оны экстрадициялау туралы сұранысы ресми түрде кері қайтарылған. Қазақстанда оған 22 миллион доллар көлемінде пара алды, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды және алаяқтық жасады деген айыптар тағылған болатын.

"Дүйсенов білуімше Германияда қалды. Себебі енді Интерпол Германия бойынша екінші экстрадиция запросын қабылдамайды. Ал Дүйсенов басқа елге кетсе, Қазақстан тез арада Интерполға өтінімін қайта беруі мүмкін. Дүйсенов Қожамжаровпен тығыз байланыста және елдегі құқық қорғау органдарының ішкі жаңалықтарын толық біліп отыр", - дейді, дереккөз.

Қожамжаров тарапынан Қазақстан билігіне "мен тыныш жүремін, сендер де тыныш жүріңдер" деген сигнал берілгені анық. Және ол өзінің позициясын Мақсат Дүйсеновтің саяси баспана алуы арқылы жақсы күшейтіп алды. Қазақстанның дәл қазір бұл текетіресті ушықтырмай, ішкі саяси трансформацияны тез өткізіп алуға акцент беруі заңды. Сондықтан тараптар уақытша тайм-аут алып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove