Қазақстандағы энергетикалық нысандарда ауқымды жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Dala news.
Энергетика саласының мәліметінше, 2026 жылы ел бойынша 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары екі энергоблокта, төрт қазандықта және екі турбинада басталып кеткен.
Жоспарға сәйкес, бірқатар ірі энергетикалық нысандар жаңғыртылады. Атап айтқанда:
•Астана ЖЭО-2 – екі қазандық пен бір турбоагрегат жөнделеді;
•Степногор ЖЭО – екі қазандық пен екі турбина жаңартылады;
•Ақтөбе ЖЭО – үш қазандық пен төрт турбоагрегат жөндеуден өтеді;
•Алматы энергия торабы – ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарында бірнеше қазандық пен турбина жаңартылады;
•Атырау ЖЭО – үш қазандық пен екі турбина жөнделеді.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай және басқа да өңірлердегі ірі жылу электр орталықтары мен электр станцияларында күрделі жөндеу жоспарланған.
Мәселен, Екібастұз ГРЭС-1-де үш энергоблок, Екібастұз ГРЭС-2-де екі энергоблок, ал ЕЭК электр станциясында тағы екі энергоблок жаңғыртылады.
Энергетиктердің айтуынша, бұл жөндеу жұмыстары электр станцияларының сенімділігін арттыруға және келесі жылыту маусымына дайындықты күшейтуге бағытталған.
