Meta Platforms, Inc. компаниясы жасанды интеллект инфрақұрылымына инвестицияны арттыру үшін қызметкерлерінің 10%-ын қысқартпақ. Бұл шамамен 8 мың адамға тең. Сонымен қатар компания тағы 6 мың бос жұмыс орнына жаңа маман іздеуді тоқтатады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Компания қызметкерлерге жолдаған хатында бұл шешім тиімділікті арттыруға бағытталғанын және қазіргі инвестициялық жоспарларды қолдауға мүмкіндік беретінін мәлімдеген. Meta-ның 2026 жылға арналған инвестициялық жоспары 135 млрд долларды құрайды.
Ірі қысқартуға Microsoft Corporation та дайындалып жатыр. Компания штаттың 7%-ын немесе шамамен 26 мың адамды қысқартуы мүмкін. Әзірге Microsoft жасы мен еңбек өтілінің жиынтығы 70 жылдан асқан қызметкерлерге ерікті түрде жұмыстан кетуді ұсынған.
Екі компаниядағы қысқартудың негізгі себебі бір - жасанды интеллектке жұмсалатын шығындардың артуы.
Бұл не деген сөз?
Сарапшылардың пікірінше, ІТ саласындағы дәстүрлі мамандықтардың тұрақтылығы әлсіреп барады. Жасанды интеллект көптеген процесті автоматтандырып, бұрын үлкен команда атқаратын жұмысты аз адаммен орындауға мүмкіндік беруде.
Meta ішінде де жаңа бақылау жүйелері енгізіліп жатыр. Компания қызметкерлердің жұмыс дағдылары мен әрекет үлгілерін талдайтын Model Capability Initiative (MCI) құралын сынақтан өткізуде. Кей сарапшылар бұл жүйе болашақта адам еңбегін алмастыруға бағытталуы мүмкін деп санайды.
Компания басшысы Марк Цукерберг бұған дейін инвесторлармен кездесуінде: «Бұрын үлкен команда қажет болған жобаларды қазір өте талантты бір адам жүзеге асыра алады», - деген еді.
