Қазақстандықтарға Таяу Шығыстағы бірқатар елдерге бармау ұсынылды, деп хабарлайды Dala News.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, аймақтағы әскери қақтығыстардың жалғасуына және бірқатар мемлекеттерде әуе кеңістігінің жабылуына байланысты қазақстандықтарға бұл өңірге сапар жоспарлаудан уақытша бас тарту ұсынылады.
Министрлік азаматтарға Бахрейн, Египет, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Катар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирияға бармауға кеңес берді.
СІМ өкілдері аталған елдерде жүрген қазақстандықтарды қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аймақтардан аулақ болуға және жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға шақырды. Ракеталық қауіп төнген жағдайда жедел түрде баспана немесе арнайы қорғаныс орындарына бару қажеттігі ескертілді.
Сондай-ақ азаматтарға Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерімен, туроператорлармен және әуе компанияларымен тұрақты байланыста болу ұсынылды.
Министрлік кейбір азаматтардың бұрынғы ескертулерге қарамастан бұл өңірге сапар жоспарлап жатқанын атап өтіп, жағдай толық тұрақталғанға дейін мұндай сапарлардан бас тартуға тағы да шақырды.
