ҚазҰУ-де виртуалды эко-кеңесші іске қосылды

Самал Асқар 10 нау. 2026 18:42

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде EcoFarabi AI атты виртуалды эко-кеңесші іске қосылды, деп хабарлайды Dala News.

Университет мәліметінше, цифрлық платформа қоғамның экологиялық сауаттылығын арттыруға, тұрақты даму қағидаларын насихаттауға және қоршаған ортаны қорғау бастамаларын қолдауға бағытталған.

Жоба пайдаланушыларға күнделікті өмірде экологиялық жауапкершілікті арттыруға көмектеседі. Виртуалды көмекші қалдықтарды дұрыс сұрыптау, энергия мен суды үнемдеу, «жасыл» технологияларды қолдану туралы кеңестер береді. Сонымен қатар кампуста өтетін экологиялық шаралар жөнінде ақпарат ұсынады.

EcoFarabi AI жобасын ҚазҰУ-дің Жоғары экономика және бизнес мектебінің оқытушылары Әсел Боранбай мен Ілияс Кулиев әзірлеген. Бағдарлама «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасын қолдауға бағытталған.

Әзірлеушілердің айтуынша, болашақта платформаны басқа университеттерге, мектептерге және қоғамдық кеңістіктерге енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мобильді қосымша, дауыс арқылы басқару, түсіндіретін бейне-кейіпкер, экология бойынша онлайн-сабақтар мен интерактивті тесттер қосу көзделген.

Қазіргі уақытта EcoFarabi AI Telegram чат-боты форматында жұмыс істейді. Платформа арқылы пайдаланушылар сенбіліктерге, ағаш отырғызу акцияларына және жасыл аймақтарды дамытуға бағытталған экологиялық шараларға қатысуға шақырылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove